Жәнібек осы мәселелерді Хан Кеңесіне салмақ болды. О кезде күрделі істің бәрін Хан Кеңесі шешеді. Хан ұсынысын егер Хан Кеңесі қабылдаса ғана іске асады. Абылай ханға дейін бүкіл қазақ тарихында осылай болып келген. Ал Жәнібек тұсында Хан Кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін «Тағанақ кеңесі» деп атайтын, екіншісін «Тұрымтай кеңесі» дейтін. Біріншісі үлкен Хан Кеңесі деген мағынада, екіншісі кіші Хан Кеңесі деген түсінікте. Біріншісіне елеулі рудың басты адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер ғана қаралуға тиісті. Сондықтан бұл кеңесті кейде үш жүзге бөлінерде бас қосқан жерінің атымен «Қаратұз кеңесі» деп те атаған. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа жұртқа елші жіберу, қонысқа жер болу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл кеңеске Маймене мен Майсарыдан бөтен, Орда маңындағы әскери қолбасшылар, хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес апта сайын бас қосқан