Кене (Бұғыбайға). Қырғызбен келісер-келіспесіңе көзім жетпейді. Атамның қылығын алдыңа тартар. Тұтқында кеткен мың үйлі қырғызды айтпас деймісің. Бірақ, оның да бір жағында Қытай, Қалмақ, бір жағында Қоқан, тағы бір жағында қапқалы келе жатқан Орыс. Бір заманда өкпелі болса да, қазірде қазақтан басқа кімі бар. Сөзді ұқсын, келіссін. Алатауға ірге тіреп қырғыз-қазақ бірігіп елдік жасаймыз. Содан соң сыртынан қапсыра құшақтап буып алғалы орыс келе жатса да өзімен-өзі алысып жатқан Қоқан, Бұхара анау, соның екеуін де біріксек біз аламыз. Содан соң ондағы, солдағы жаудың екеуін де көріп алармыз. Ықтиярымен көнбейтін болса бағындырамын, көндіремін, сонымды айт! Менің Арқадан кеткендегі тұратыным: Алатау. Ӏрге көметін жерім осы.