Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты. Қалың албанның ертегідей бай, сұлу жайлаулары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабас, жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік: молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті.
Шалқыған, көрнекті мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып, Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан.
Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен желігі әлі басылып болған жоқ.