үйеулермен қыдырып келген жұрт та таңертеңнен қозғалмай отырып, әлденеше тегене қымызды ішіп алып, қызысқан. Бірін-бірі қағытып қалжыңдасып, мысқылдап күлісіп, кейде қызыл кеңірдек болып, болымсызға дауласып та кетеді. Күйеулердің үйі қазіргі сағатта өте көңілді. У-шу, ойын-күлкі, қалжыңдар әлі басылған жоқ. Көп дырду, күлкі арасында анда-санда домбыраға қосылып, жіңішке дауыспен шырқаған әнші Матайдың маңызды әні де естіліп қояды. Күйеулердің үстіне кіруге лайықсыз көрген үлкендер ауылдың алдындағы өзен жағасына таман келіп, көк шалғынның үстінде, көйлекшең отырып, салқындап әңгіме құрып отыр.